Жариялау этикасы
«Journal of Ecology and Sustainability» журналының редакциялық саясаты ғылыми мерзімді басылымдардың дәстүрлі әдеп-қағидаларына, сондай-ақ Жариялау этикасы комитетінің (COPE – Committee on Publication Ethics) ғылыми жарияланымдар этикасы жөніндегі қағидаларына негізделген.
Авторлар үшін:
Автордың қолжазбаны редакцияға жіберуі мақаланың «Journal of Ecology and Sustainability» журналында жариялануына, қажет болған жағдайда шетел тілдеріне аударылып қайта басылуына келісім бергенін білдіреді. Автор мақаланы жолдау арқылы авторлық ақпараттың дұрыстығына, жұмыстың плагиат еместігіне және кез келген материалдық элементтердің (мәтін, кесте, диаграмма, сурет) заңды түрде пайдаланылғанына кепілдік береді.
Қолжазбамен бірге автор(лар) редакцияға ілеспе хат жолдайды.
Жіберілген қолжазбаға қойылатын талаптар. Қолжазба:
- редакция бекіткен рәсімдеу талаптарына толық сәйкес болуы тиіс;
- бұрын жарияланбаған және басқа журналға жіберілмеген болуы қажет;
- тек түпнұсқа ғылыми зерттеу нәтижелерін қамтуы тиіс;
- тек автордың/авторлық ұжымның өз зерттеуіне негізделуі қажет; бөгде тұлғаларды авторлар қатарына қосуға болмайды;
- мақаланы жіберу – барлық авторлардың жариялануға және авторлардың ретіне келісім бергенін білдіреді;
- әдебиеттер тізіміне зерттеу барысында нақты пайдаланылған еңбектер ғана енгізіледі;
- барлық қолданылған дереккөздер (автордың/авторлардың өз еңбектері қоса) міндетті түрде көрсетілуі қажет.
Рецензенттер үшін:
- Рецензияға түскен барлық қолжазбалар құпия құжат ретінде қарастырылады. Рецензент материалды өз еңбектерінде пайдалана алмайды; үшінші тұлғаға тек бас редактордың рұқсатымен ғана бере алады;
- Журналда екіжақты анонимді рецензиялау (double-blind review) жүйесі қолданылады. Рецензент бағалауы автордың жеке қасиеттеріне емес, тек ғылыми нәтижелерге негізделуі тиіс;
- Рецензент объективті және дәл бағасын беруге, қажет болған жағдайда материалды жетілдіру бойынша ұсыныстар ұсынуға міндетті;
- Егер рецензент тақырыпқа маман болмаса, редакцияны хабардар етіп, рецензиялаудан бас тартуы тиіс.
Редакторлар үшін:
Бас редактор және редакциялық алқа мүшелерінің міндеттері:
- авторлар құрамының географиялық және институционалдық әртүрлілігін кеңейту, түрлі елдер мен ұйымдардан мамандарды тарту;
- жарияланатын материалдардың ғылыми сапасына ерекше назар аудару;
- редакциялық алқа отырыстарына қатысып, журналдың нөмір мазмұнын айқындауға үлес қосу.
Бас редактор:
- техникалық талаптарға сәйкес келетін әрбір қолжазбаға тиісті сала бойынша рецензенттерді тағайындайды;
- рецензенттердің қорытындылары мен редакциялық алқа талқылауы негізінде материалды жариялау немесе қайтару туралы соңғы шешім қабылдайды;
- шешім қабылдау кезінде тек ғылыми мазмұн мен сапаны басшылыққа алуы тиіс.
Редакция:
- редакция авторлармен тікелей жұмыс істейді және коммерциялық жариялау агенттіктерімен жұмыс жасамайды;
- редакция авторлардың, рецензенттердің және редакторлардың әдепке сай емес әрекеттерін анықтаған кезде жедел шара қолданады;
- авторлардың әдепке жат әрекеттеріне: авторлар құрамын бұрмалау, жалған ғылыми мәтіндер, деректерді қолдан жасау немесе бұрмалау, дәйексөздерді манипуляциялау, плагиат, материалды бірнеше журналға қатар жіберу жатады;
- қолжазбада әдеп бұзушылық анықталса, редакция оны қараудан алып тастауға және авторлармен жұмысты тоқтатуға құқылы;
- егер әдеп бұзушылық жарияланғаннан кейін анықталса, редакция мақаланы журнал сайтынан және индекстеу/архив базаларынан алып тастау туралы шешім қабылдай алады (ретракция);
- рецензенттер мен редакторлардың әдепке жат әрекеттеріне: құпия материалдарды тарату, авторлық құқықты бұзу, мүдделер қақтығысы, құпиялылықты бұзу жатады;
- шағымдар түскен жағдайда ең алдымен автордан түсініктеме сұралады, жауап қанағаттанарлықсыз болғанда тергеу жүргізіледі;
- барлық даулы жағдайлар COPE нұсқаулықтары негізінде шешіледі;
- жарияланған материалдарда анық қателер табылған жағдайда олар келесі нөмірлерде түзетулер ретінде жариялануы мүмкін;
- редакция бас редакторға, редакциялық алқа мүшелеріне және рецензенттерге журналда жариялануға мүмкіндік береді, бірақ олар лауазымдық жағдайын пайдалана алмайды — барлық мақалалар жалпы тәртіппен рецензияланады.






